Біз туралы жазады

Бұл есімдер нені еске салады?

Күнделікті біз жұмысқа немесе үйге асығып келе жататын, балаларымызбен немесе достарымызбен серуендейтін көшелер... Олар туралы біз не білеміз? Олардың аттары, қай уақытта пайда болғаны туралы? Қызық екен, кейде тіпті ештеңе білмейді екенбіз...


Е.П. Славский атындағы жағалауда кездескен жүргіншілерден мен «Өзіңіз тұратын көше Сізге ұнай ма?», - деп сұрадым. Барлығы да нық сеніммен «Иә! Әрине! Неге ұнамасқа!» деп жауап берді. «Бұл көшенің кімнің құрметіне аталғанын білесіз бе?» - деген келесі сұрағым алдыңғы сұрақтың жауабындағы  нық сенімге су сепкендей болды. Бұл сұрағыма біреу маған түсініксіз көзбен қараса, біреу екі ұшты жауап берді.


Әлбетте, блиц-сауал – бұл әлеуметтік сауал емес, ауқымы да ондай бола қоймайды. Сондықтан ол жүз пайыздық әділдікке есептелмейді де. Дегенмен, бұл ойланатын жай.

 

Атом министрі

 

Шындығында Ефим Павлович Славский деген кім, Өскемендегі әсем жағалауға кімнің аты-жөні берілген? Үлбі металлургиялық зауытының қызметкерлері бұл сұраққа қиналмай жауап береді. Себебі: Средмаштың бұрынғы директоры – Ефим Славский  бұл саланы 1957-1986 жылдар аралығында басқарды – мұны кәсіпорында жақсы біледі. Ол жыл сайын зауытқа келіп, барлық өндірістердің жұмысымен жете танысатын, кәсіпорын басшыларын білетін. Жиі-жиі оның бастамасымен УМЗ жаңа техникамен жабдықталатын, озық технологиялар ойластырылатын және ендірілетін, жаңа корпустар салынатын.


Бірақ, бұл жеке зауыт көлемінде атқарылған жұмыстар ғана. Ал егер мемлекеттік жобалар туралы айтатын болсақ, олардың ауқымдылығына осы күннің өзінде таң қалуға болады. Ефим Славскийдің тікелей басшылығымен атом ғылымы мен техника дамыды, тек Кеңес Одағында ғана емес, сонымен қатар, Шығыс Еуропа мен Азия елдерінде АЭС-тер іске қосылды.


Көбінесе осы стратегиялық маңызды жоспарларды жүзеге асыруда ҮМЗ-ге басты ойыншы ролі берілді. Дәл сол Славскийдің тұсында зауытта атом саласына байланысты жобалар жүзеге асты. Мысалы, ВВЭР-1000 реакторлары үшін ақырғы және жинақтаушы тетіктер шығару жолға қойылды, РБМК-1000 және ВВЭР-1000 реакторлары үшін отын таблеткалырын алу қуаты енгізілді.


Алайда, «атом ісінің басшысы» тек өз саласына ғана көңіл бөліп қойған жоқ.  1962-1988 жылдары Ефим Славский Шығыс Қазақстаннан КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Осы жылдар ішінде Өскемен қиырдағы қаладан әдемі, заманауй инфрақұрылымы дамыған қалаға айналды. «ҮМЗ-нің 65 жылдығы» мақалалар циклінде Ефим Славскийдің қатысуымен облыс орталығында салынған құрылыстар туралы мұқият айтылғанымен, олардың ішінен ең көрнекті сәулет жобаларын атай кеткен артық болмас деп ойлаймын.  Бұл ОМҮ «ULBA», Пионерлер үйі, музыка мектебі, Спорт сарайы, «Ертіс» қонақ үйі, Стрелка шағын ауданы және кейіннен Славскийдің құрметіне оның атымен аталған Ертіс жағалауы.


Жағалаудың аты 1998 жылы ҮМЗ қызметкерлерінің ұсынысы бойынша Ефим Павловичтің туғанына жүз жыл толуына орай қайта аталды. Ал 2011 жылы зауыт ардагерлерінің бастамасымен бұл ғажайып адамға бюст-ескерткіш орнатылды. Жобаның авторы Станислав Христо­форов болды, онымен жұмысты мүсіншілер  Хамитби Кульчаев пен Александр Лягин орындады. Ескерткішті ашу салтанатына Мәскеуде тұратын Ефим Славскийдің немересі қатысты, ол ҮМЗ ардагерлеріне көтерген бастамалары үшін, ҮМЗ мен Казатомпром басшылығына – бұл бастамаға көрсеткен қолдаулары үшін, ал облыс басшылығына – жобаны жүзеге асыруға белсене қатысқандары үшін алғыс білдірді.

 

«Ол қалай зауыт салды және армандады»

 

Патрис Лумумба көшесі. Оның Өскеменде орналасқан орнын қазір көп адам біле бермейді. Бұл түсінікті де. Заманауй өскемендіктерге ол Потанин көшесі ретінде танымал, көше Үлбі металлургиялық зауыты директорларының бірінің құрметіне аталған. ҮМЗ-нің 65 жылдық тарихы ішінде оншақты басшы ауысты. Неліктен көшеге Владимир Петровичтің есімі берілді?


Үлбі металлургиялық зауытын батыл түрде Потаниннің «туындысы» деп айтуға болады. Потаниндік кезеңде – 1961-1974 жылдары Владимир Петрович басқарған уақытты солай атайды – ҮМЗ-де барлық бөлімшелерді дамытуда қуатты серпін жасалды. Тантал металл ұнтағын алудан бастап өткізгіштігі жоғары материалдар өндірісіне дейінгі заманауй тантал өндірісі құрылды. Радиоэлектроникада кең қолданыс тапқан таза бериллий оксидінен жасалған бұйымдарды металдау технологиясы ойластырлды және енгізілді. АЭС үшін отын әзірлеуге арналған төмен байытылған уран диоксидінен ұнтақ шығару басталды. Көптеген жетістіктер тек КСРО үшін ғана емес, сонымен қатар, әлемдік практикада бірегей болды.


Сондықтан ҮМЗ қызметкерлерінің көше атын ауыстыру туралы бастамасын Өскемен қаласының әкімшілігі қызу қолдады. 2000 жылы Патрис Лумумба көшесі жаңа атқа ие болды. Екі жылдан соң Потанин көшесінің сәніне Владимир Петровичке қойылған ескерткіш сән қосты. Оның авторының, сәулетші Станислав Христофоровтың ойынша ескеркіш ҮМЗ-нің уран, бериллий, тантал және машинажасау өндірістерінің бірлігін бейнелейді. Зауыттың құрылуы атомдық жоба аясында болғанын бейнелейтін атом моделінің құрылысын суреттейді. Сәулетшінің ойын мүсіншілер Хамитби Кульчаев пен Владимир Самойлов жүзеге асырды.


Содан бері жылына үш рет – Владимир Потаниннің туған күні 13 қаңтарда, ол қайтыс болған күн – 5 мамырда және Зауыт күні – 29  қазанда  ҮМЗ қызметкерлері мен кәсіпорын ардагерлері осы ұлы адамның құрметіне монумент маңына жиналады.***


Үлбіліктер үшін Ефим Славский мен Владимир Потаниннің аты жарқын, айырықша тұлғалардың ерекше қатарынан табылады. Енді өскемендіктер үшін осы адамдардың құрметіне аталған көшелер «жанданады», олардың аттары өмірбаян деректерін еске салады. «Бұл көшенің кімнің құрметіне аталғанын білесіз бе?» - деген сұраққа жауап табу бұдан былай қалалықтар үшін оңай болады деп үміттенемін.

Наталья Пашагина
«Рудный Алтай» №30 -  08.08.2014 ж.