МЕДИЦИНАҒА БЕТ БҰРЫС

 

Электроникадан, радиотехникадан және авиациядан медицинаға бет бұру. «ҮМЗ» АҚ Тантал өндірісінде шығарылған өнімнің болашақта қолданылуы осындай болмақ.

Танталдың ерекше қасиеті – тірі тінмен биологиялық үйлесімділігі туралы ертеден белгілі. Қалпына келтіру хирургиясында және нейрохирургияда тантал екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қолданыла бастады. Сол кездің өзінде дәрігерлер бас сүйегінің зақым келген бөліктерін тантал тіліктерімен алмастырған, сынған сүйектерді тантал сымдарымен және жолақтарымен жалғаған.

Биологиялық үйлесімділік қасиетіне тантал мен ниобийдің қорытпасы да ие.  Олардың танталмен салыстырғанда аз тығыздығы аталмыш қорытпалардың медицинада, оның ішінде стоматологиялық тәжірибеде келешегінің зор болуына мүмкіндік береді. Тантал мен ниобийдің қорытпасына үшінші компонентті – титанды қосса, бұндай қорытпа бірегей болып шығады.  

– Бұл қорытпа химиялық қасиеті бойынша адам тініне жақын болғандықтан, онымен бірге бітісіп кетеді. Онымен қоса, қорытпа аса шымырлық қасиетке ие, бұл да адам сүйегіне сәйкес келеді. Нәтижесінде адам ағзасы қорытпаны бөгде дене деп емес, өзінің сүйек тіні ретінде қабылдайды, - деп Тантал өндірісінің жобалар менеджері Евгений Крыгин түсіндіреді. – Осының бәрі танталды имплантат дайындау үшін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.   

Бүгінгі таңда қазақстандық медицинада қолданылып жүрген имплантаттар шетелдерде шығарылады. Дегенмен, оларды отандық өндірушілердің, атап айтқанда біздің кәсіпорынның шығару мүмкіндігі бар. Бұл үшін ҮМЗ-де қажетті материал да, сәйкес материалдық-техникалық база да, білікті ғылыми-өндірістік қызметкерлер де бар.

2016 жылдың тамыз айында өткен ШҚО ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық зерттемелері бойынша және мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамыту жөніндегі жиналыста «Танталдан және танталқұрамдас қорытпалардан имплантаттар өндіру технологиясын әзірлеу» жобасы қарастырылды және жүзеге асыруға қабылданды. «ҮМЗ» АҚ «ОскеменМедТех» ЖШС-мен біріге отырып, аталмыш жобаның бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде шықты. Бірлесіп орындаушы ретінде Д. Серікбаев ат. ШҚМТУ, Травматология және ортопедия ҒЗИ (Астана қ.) және  Stainless компаниясы (Франция) болып табылады.

Жоба 2017 жылдан бастап 2019 жыл аралығында бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бірінші кезеңде танталдан, ниобийден және титаннан қорытпа алудың өзіндік технологиясы әзірленеді. Содан кейін қорытпа және имплантаттар өндіру бойынша тәжірибелі учаске құрылады. Аталмыш тапсырмаларға сәтті жеткен жағдайда имплантаттарды өнеркәсіптік шығару басталады.  

– Тантал өндірісінде тантал және ниобиймен жұмыс жасаудың мол тәжірибесі жинақталса да, біз тантал, ниобий және титаннан тұратын қорытпаны ешқашан өндірген жоқпыз. Сондықтан да бүгінгі таңда медициналық өнеркәсіпте қолдану үшін қажетті қасиетке ие болатындай қорытпа алу технологиясы әзірленуде. Біртектілікке сыналып жатқан екі тәжірибелі құйма қорытылды, - дейді Евгений Крыгин.

Жалпы «Танталдан және танталқұрамдас қорытпалардан имплантаттар өндіру технологиясын әзірлеу» жобасын жүзеге асыру барысында жоғары қосымша құнға ие өнімнің жаңа өндірісі құрылады, бұл өндіріс жылдық өнім сатылымы екі миллиард теңгеден артық болатын отандық имплантаттармен Қазақстанды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық имплантаттар нарығына шығуын да қамтамасыз етеді. 

 

ҮМЗ Баспасөз қызметі, 21.04.2017