Атом ғасырының жасампаздары. 2-бөлім «Зауыт жылнамасы»

«ҮМЗ-информ» ерекше дата – КСРО атом жобасының 75 жылдығына арналған материалдар топтамасын жалғастыруда. Өткен нөмірде біз Ефим Павлович Славский және атом өнеркәсібінің туындауы туралы айтқанбыз. Осы мақала саланың қалыптасуында Үлбі металлургиялық зауытына қандай рөл берілгені туралы болады.

ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

Сонымен, Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Кеңесінің Бірінші бас басқарманы (БББ) құру туралы 1945 жылғы 20 тамыздағы шешімімен атом жобасы басталды. Кейіннен, 1953 жылы Орта машинажасау министрлігі аталған басқарманың мирасқоры болады. Ал, әзірше, дәл осы БББ Кеңес Одағының атом өнеркәсібін басқарып тұрды, оның қатарына 1949 жылы №2А, қазіргі Үлбі металлургиялық зауыты кіреді.

ҮМЗ БББ-нің жүйесінде айтарлықтай орынға ие болды. КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылғы 4 қазандағы Қаулысына сай құрылған кәсіпорында бастапқыда қарулық уранға өңдеуге арналған металл торийді өндіру жоспарланған болатын. Торий оксалатының бірінші партиясы 1949 жылғы 29 қазанда жасалды. Алайда Ұлы Отан соғысынан кейін елде қалыптасқан экономикалық жағдаймен байланысты торий оксалатын өндіру кейінге қалдырылып, кәсіпорын өнімнің жаңа түрлеріне қайта бағдарланды.

ҮМЗ-нің уран, бериллий және тантал өндірістері – атом және жоғары технологиялық өнеркәсіптің үш тірегі, оларсыз елдің ядролық қалқаны да, энергияны бейбіт мақсатта өндіру де, заманауи ғарыштық технологиялар да мүлдем мүмкін болмас еді.

УРАН ТАРИХЫ

Зауытымыздың уран жылнамасы 1953 жылы іске қосылған тәжірибе цехынан бастама алады, онда келешектегі уран өндірісінің технологиясы жасалған. 54-жылы №3, 8, 9, 28 цехтар кешенінің құрылысы аяқталды. Осында уранның шалатотық-тотығы өнеркәсіптік ауқымда шығарыла бастады. 1958 жылы үлбіліктердің бірегей технологиясы бойынша шалатотық-тотықтың орнына уран тетрафторидін жасау басталды.

«Қырғиқабақ соғыстың» өршіп тұрған уақытында уран өнімінің айтарлықтай бөлігі қарулық уран мен плутонийге өңделіп отырды. Олармен атом қару-жарағы жабдықталып тұрды.

Үлбі металлургиялық зауытындағы корпус қайта құрылғаннан кейін 1968 жылы КСРО-дағы жалғыз, аты белгілі сегізінші цех жұмыс істеп бастады, онда атомдық суасты флотының реакторларына арналған жоғары байытылған уран мен бериллийден жасалған жылубөлгіш элементтер үшін өзекшелер өндірілді. Зауытта шығарылатын «отын» кемелерге бұрын-соңды болмаған 80 км/сағ жылдамдықпен жүзуге мүмкіндік берді. Дәл осы сүңгуір қайықтар батыспен салыстырғанда КСРО-ға әскери-техникалық жағынан көш бастауға мүмкіндік берген ұмтылыс болып табылды.

Зауыт бүкіл тарихы бойында, уақыт талабына сай аса маңызды ғылыми және өндірістік міндеттерді шешіп келді. Сондықтан да, үлбіліктер ядролық қарудың элементтерін жасай отырып, бірегей технологияларды бейбіт мақсатта да пайдалану үшін белсенді жұмыс істеп келді.

70-жылдардың басында халық шаруашылығының қажеттілігіне арналған өнімді шығаруға бет бұрды. Бұл уақыт КСРО-да атом энергетикасының екпінді даму кезеңі болып табылғандықтан, салынып жатқан АЭС арналған отынның мол көлемде шығарылуын талап етті. Оны жасауда Электросталь қаласында орналасқан А 7340 п/ж кәсіпорны КСРО-дағы монополист болып табылды. Осы сәтте зауыт Ленинград АЭС-іне арналған тапсырысты орындап жатқан. Алайда, қуаттылығын толық жүктесе де, ол 1973 жылдың тамызынан кешіктірмей жеткізу қажет болған 150 тонна уран диоксидінің ұнтағын өндіріп үлгермес еді. Бұл мәселе Владимир Потанинге мәлім болады. Зауыт байытылған уранның мұндай мөлшерін керамикалық сұрыптағы диоксидке дейін өңдеумен айналыспағанына қарамастан, Владимир Петрович аталған міндетті ҮМЗ алдында қойды. Бұл зауыт үшін маңызды шешім болып табылды! Одан әрі, 80-жылдардың аяғына қарай кәсіпорын Кеңес Одағы мен достас елдердің атом электр станцияларының реакторлары үшін отын таблеткаларының 80% өндіріп отырды.

Осы шыңдарға қол жеткізуде екі атақты директор – Владимир Потанин және Юрий Мурин басқарған зауыт ұжымының сіңірген еңбегін атап айтқан жөн. Зауыт кемеңгерлерінің ішінде бас инженер Владимир Рождественский, және ӨТБ бастығы Владимир Плотников, сонымен қатар уран өндірісінің түптамыры мен қалыптасуына еңбегі сіңген Альберт Гофман да бар. Осы есімі аталғандар бериллий тақырыптамасын әзірлегені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлағының лауреаттары атанса, ал Альберт Гофман атом электр станцияларына арналған тұйық отын циклі технологиясын әзірлегені үшін Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

БЕРИЛЛИЙ ҚҰПИЯЛАРЫ

1956 жылы зауытта жоғары байытылған уран мен бериллий оксидінің композициясынан энергетикалық қондырғыларға арналған керамикалық жылу бөлгіш элементтерді жасап шығару туралы шешім қабылданды. Үшқабатты композитті түтікшелер әдеттегі авиациялық қозғалтқышты ауыстыратын реактордың белсенді аймағында жұмыс істеуге тиіс болатын. Осындай реакторы бар ұшақ салынды және сынаудан сәтті өтті, ал бұған ұқсас технология осы күнге дейін озық болып отыр. Одан әрі халық шаруашылығы қажеттілігі үшін өнім өндіруге сәтті пайдаланылды.

60-жылдардың ортасында ҮМЗ мамандары металл бериллий мен одан арнайы бұйымдарды өнеркәсіптік ауқымда шығаруды игерді. Бериллий бұйымдар атом бомбаларын жасау кезінде ядролық зарядтарға арналған қабықшалар ретінде қолданылды. Осылайша, үлбіліктердің қатысуымен КСРО ядролық қалқаны жасалды.

Металл бериллийден жасалған бұйымдар атом зерттеу реакторларында нейтрондарды шағылдырғыш ретінде кеңінен пайдаланылады. Зауытта әзірленген бериллийдің аспаптық және конструкциялық сұрыптары өзінің бірегей физикалық қасиеттеріне орай ғарыш аппараттарында, гироскоптарда, авиация мен машина жасауда баға жетпес болып табылады. Өскемендік бериллийден Жер серігін зерттеуге арналған стационарлы түсірілетін аппараттың телескопиялық тіреулері мен атақты «Луноходтың» бірқатар бөлшектері, сондай-ақ «Буран» ғарыш кемесінің тежегіш дискілері жасалған.

ТАНТАЛ СЕРПІЛІСІ

1959 жылы тантал өндірісінде осы металдан ұнтақтарды жасау игерілсе, 62-жылы осында тантал құймаларды балқыта бастады. 1969 жылы осы өндіріс зауытта асқынөткізгіш материалдарды алудың бірегей технологиясын жасаудың орталығы болды.

Сол кезде елімізде атом ядросының құпияларын тереңірек зерттеуге ұмтылыс болды, және де асқынөткізгіштер Серпухов протондарды үдеткіші үшін қажет болды. Кеңес Одағында термоядролық синтез қондырғыларын, басқаша айтқанда, ТОКАМАК-тарды жасау жобасын жүзеге асыру, зауытта атап кеткендей, сапасы жағынан тың «сверхпроводтарды» («асқынөткізгіш-терді») талап етті. КСРО-да ТОКАМАК-10 қондырғысында ҮМЗ-де жасалған материалдарды қолдана отырып, алғашқы рет 70 миллион градустағы плазманы алу және ұстап тұру мүмкін болды!

Зауыттың танталы мен ниобийінен жасалған асқынқорытпалар заманауи әлемде де бағаланады. Олар материалдардың беріктігі мен сенімділігіне қойылатын аса қатаң талаптарға сәйкес келетін авиациялық қозғалтқыштар-дың бөлшектерін жасауда қолданылады. Сонымен қатар, танталдан адам ағзасы қабылдайтын сүйек импланттары да жасалады. Жалпы алғанда, бұл металдардың қолданылу аясын сөз етсек, бір бет жетіп бермес.

ЗАУЫТ ЖӘНЕ ҚАЛА

Үлбі металлургиялық зауыты Өскемен қаласының дамуына да зор әсерін тигізді. Бұнда қамқорлыққа алған кәсіпорынға жыл сайын келіп тұрған Ефим Павлович Славскийдің орны ерекше. Оның жеңіл қолының арқасында Стрелканы жоспарлау мен салу басталды, мәдени және денсаулық сақтау нысандары тұрғызылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар қайта құрылды. Ефим Павлович жұмыскердің жақсы жұмысы лайықты өмір сұру жағдайына байланысты екенін әрдайым баса айтып отыратын.

МАРАПАТТАР МЕН АТАҚТАР

Үлбі металлургиялық зауытының кеңес кезеңіндегі жұмысы кезінде оның сегіз маманы зауыттық тақырыптама бойынша докторлық және 57-сі – кандидаттық диссертация қорғады. 38 үлбілік КСРО мемлекеттік және үкімет сыйлықтарының лауреаттары атанса, 646 зауыттық Отан игілігіне аянбай еңбек еткені үшін Кеңес Одағының ордендеріне ие болды. 1976 жылдың ақпанында тоғызыншы бесжылдықтың міндеттерін сәтті орындағаны үшін, өндіріс тиімділігі мен өнім сапасының жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізгені үшін Үлбі металлургиялық зауыты «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бұл жоғары марапатты ҮМЗ директоры Юрий Муринге Орта машина жасау министрі Ефим Славский табыстады.

ҒЫЛЫМ ОРТАЛЫҒЫ

Үлбі металлургиялық зауытының атом саласы жүйесіндегі жоғары мәртебесіне есімі белгілі ғалымдардың зауытқа жиі келіп тұрғаны да дәлел бола алады. Олар кәсіпорынның түрлі жобаларына жеке жетекшілік жасады. Әр уақытта ҮМЗ-ге КСРО Ғылым академиясының президенттері Анатолий Александров пен Мстислав Келдыш, академик, ғалым-металтанушы Андрей Бочвар және тағы басқалар келіп қайтты. Олар зауыт жұмыскерлерінің ең күрделі де ең болашағы зор өндірістерді игеруге қабілетті екендігін білді. Сондықтан да ҮМЗ-де кеңестік деңгейдегі ғылыми конференцияларды ұдайы өткізіп тұрды.

ЖАҢА ТАРИХ

Кеңес Одағының ыдырауымен байланысты зауыт үшін де, сондай-ақ жалпы атом саласы үшін де қиын кезең келді. Ауқымы үлкен елдің қажеттіліктеріне жауап беріп отырған ҮМЗ осы кезеңде белгілі бір мағынада «жұмыссыз» болып қалды. Құрамына зауыт кірген «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұлттық компаниясының құрылуымен бәрі өзгерді. Дегенмен, атом энергетикасы мен жоғары технологиялардың заманауи дамуы – бұл мүлдем басқа тарихтың тақырыбы. Оны келесі нөмірімізде оқисыздар.

ЕШКІМ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Атом саласының мерейтойын атап өту аясында 2020 жылы көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр.

Күзде Сочи қаласында World Atomic Week – атом энергетикасы жақтастарының халықаралық съезі өтпек. Желтоқсан айында Мәскеуде ВДНХ-да атақты «Атом энергетикасы» павильоны жұмысын бастайды. Өткен нөмірде жазғандай, Ефим Славскийге ескерткіш орнатудан басқа, атом саласының басшылары – Михаил Первухинге, Авраамий Завенягинге, Андраник Петросьянц пен Виталий Коноваловқа арналған ескерткіш тақталары ашылады.

Бұл біздің кәсіпорнымыз үшін де маңызы бар оқиға, себебі Виталий Федорович Коновалов 1956 жылдан бастап 1975 жыл аралығында еңбек жолын шебер-дублердан бастап Үлбі металлургиялық зауытында жұмыс істеді. Кейіннен №10 цехтың, қазіргі тантал өндірісі, бастығы болды. 1989-1991 жылдары Виталий Федорович КСРО атом энергетикасы және өнеркәсібі министрі лауазымын атқарған.

Алексей Проскуряков