Жаңаша экологиялық есеп беру

Үлбі металлургиялық зауыты (ҮМЗ) табиғатты қорғау іс-шараларын орындау және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) кезеңінде жүктемені төмендету бойынша шаралардың орындалғаны жөнінде есеп берді.

Бұл кездесу ШҚО Экология департаменті ұйымдастырған онлайн-бейнеконференция режимінде бірінші рет өткізілді. ҮМЗ атынан қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Дмитрий Слободин есеп берді. Ол қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарында ҮМЗ-де 11 іс-шара көзделгені туралы ақпарат берді.

Өткен жылдың қорытындылары бойынша зиянды заттардың белгіленген лимиттерінен артып кету тіркелген жоқ. Кәсіпорынның атмосфераға шығарындылары белгіленген жылдық лимиттерден төмен болып келеді. Зауыт шығаратын заттардың үлесі – Өскемен кәсіпорындарының жалпы шығарындыларының 0,1% кемін құрайды.

ҮМЗ үшін сұйық қалдықтар көлемін төмендету және қалдықтың барынша аз мөлшерімен өндірістік технологияларға ауысу негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Осы жылы қалдық шаруашылығы учаскесінде қатты қалдықтарды көмуге арналған құрылыс жабынын аяқтау және сұйық қалдықтарға арналған №5 тоған-буландырғышты (2-кезек) салу жоспарланған. Бұл ретте, қалдықтарды орналастыруға арналған учаске аумағы ұлғаймайды. Жіберілетін сұйық қалдықтар мөлшері қалдық құрамындағы буланатын судың мөлшеріне тең келетін болады.

2014 жылдан бері кәсіпорында Үлбі өзеніне шығару орындарында ақаба суларды тазарту жүргізіледі. Бүгінгі күнге қарасты төгінділер мөлшері рауалы концентрациялардан (ШРК) аспайды. Мысалы, хлоридтер үшін – ШРК 300 мг/л болғанда, кәсіпорын үшін белгіленген шекті рұқсат етілген концентрация – 13,5 мг/л, кальций үшін – ШРК 180 мг/л болғанда, кәсіпорын үшін белгіленген шекті рұқсат етілген концентрация – 48,4 мг/л, тұзды аммоний үшін – ШРК 0,5 мг/л болғанда, кәсіпорын үшін белгіленген шекті рұқсат етілген концентрация – 0,2 мг/л. Барлық ингридиенттер бойынша осы көрініс байқалып отыр. Мұндай концентрациялар болғанда, ҮМЗ су объектілеріне зиянды әсер етпейді.

Осы жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен қоса қол қойылған Меморандум шарттарын жүзеге асыру мақсатында ҮМЗ қатты радиоактивті қалдықтарды бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында көму жобасын жасауда. Жұмыстар бірнеше кезеңмен, жылдарға бөле отырып орындалады.

Уран өндірісінде (УӨ) канадалық технология бойынша аффинаждау өндірісін құру бойынша жоба әзірленді, қоғамдық тыңдалымдар өткізіліп, техникалық-экономикалық негіздеме сараптамаға жіберілді. Аталған жобаны енгізу нәтижелері бойынша УӨ сұйық қалдықтарын жылына 40 тоннаға төмендету күтілуде.

Соңғы 4 жыл ішінде кәсіпорын жұмыс істеп тұрған қалдық шаруашылығының айналасында «жасыл белдеуді» жасау үшін ағаштардың көшеттерін отырғызуға 200 млн. теңгеден астам қаражат бөлді.

Ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларындағы қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңінде кәсіпорнымыз ШҚО бойынша экология департаментімен тығыз қарым-қатынаста болды. Экология департаментінің өкілдері зауыт зертханасымен бірлесіп ҮМЗ санитариялық-қорғалған аймағының шекарасындағы атомосфералық ауаға бақылау жасауды іске асырды. Төмендету нормативі 40% болғанда, негізгі ластаушы заттар (бериллий, аммиак, азот тотығы, балқытқыш қышқыл булары) 80-96% төмендетілді. Бұл жұмыстардың бір бөлігін ішінара тоқтату және желдету жүйелерін тоқтатудың арқасында мүмкін болды.

ҮМЗ қоршаған ортаға кері әсерді одан әрі төмендету мақсатында табиғат қорғау іс-шаралары жоспарын орындау бойынша жұмысты жалғастырады.