Жылу бөлгіш құрастырмалар шығаратын зауыт пайдалануға рұқсат алды

2020 жылы 25 желтоқсанда «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС («ҮМЗ» АҚ – 51% және CGN-URC – 49%) бірлескен кәсіпорны жылу бөлгіш құрастырмалар (бұдан әрі – ЖБҚ) өндіру зауытын пайдалануға мемлекеттік лицензия алды.

Бұл жоба Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде 2015 жылғы 3 желтоқсанда бастау алды. COVID-19 пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС 2020 жылы Өскемендегі «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ алаңында Framatome компаниясының AFA3G дизайнының ЖБҚ шығару зауытының құрылысын аяқтады.

Қазіргі уақытта жаңа зауытта барлық құрылыс жұмыстары мен жабдықтарды монтаждау аяқталды. Дайын жабдықта Қытай мен Еуропадан келген жөндеушілердің қатысуымен негізгі өндірістік процестерді тәжірибелік-өнеркәсіптік тестілеу өткізілді. Сапа менеджменті жүйесінің аудиті, ЖБҚ алдын ала сертификаттау, дайындау және бақылау бағдарламаларын тексеру және келісу сәтті жүргізілді.

Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС 2021 жылы ЖБҚ зауытының өндірістік желісін сертификаттауды технологияны жеткізуші – Framatome компаниясы тарапынан да, өнімге тапсырыс беруші – CGN-URC компаниясы тарапынан да аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта «Үлбі-ТВС» ЖШС Framatome компаниясымен бірлесіп бірқатар сертификаттау жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, кәсіпорынды ресурстармен қамтамасыз ету үшін қажетті барлық келісімшарттарға қол қойды. 

Аталған ірі инвестициялық жобаны іске асырудың арқасында Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Өнеркәсіптік жылу бөлгіш құрастырмалар жасалатын болады.

Қолайлы жағдайларда 2021 жылы және барлық сертификаттау жұмыстары аяқталғаннан кейін жылдың соңына қарай алғашқы ЖБҚ өндірісі басталады деп күтілуде, ал ЖБҚ-ның бірінші партиясын Тапсырыс берушіге жеткізу 2022 жылы жоспарланып отыр.

Зауыт жыл сайын ҚХР атом электр станцияларына ЖБҚ түрінде жеткізу үшін 200 тонна уран шығаруды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру Қазатомөнеркәсіпке өндірісті әртараптандыруға және барынша қосылған құны бар жоғары бөліністегі экспортқа бағдарланған өнімді алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ЖБҚ өндірісін іске қосу өңірдегі жұмыс орындарының санын және бюджетке аударымдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом энергетикасы, электрондық, металлургия өнеркәсібі және қызметтің басқа да салаларының мұқтаждықтары үшін әлемде танылған уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндірушілердің бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының құрамына кіреді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – табиғи уран өндірудегі әлемдік көшбасшы және Қазақстан Республикасында уранның, сирек металдардың және атом электр станциялары үшін ядролық отынның импорты мен экспорты бойынша ұлттық оператор болып табылады. Қазатомөнеркәсіп компаниялар тобына 20 000-нан астам адам жұмыс істейтін 46 кәсіпорын кіреді. Активтерге геологиялық барлау, уран өндіру және ядролық отын өндіруден бастап ғылымға, әлеуметтік қамсыздандыру мен оқытуға дейінгі түпкі өнімдердің өндірістік тізбегіне қатысатын кәсіпорындардың барлық кешендері кіреді.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ орналастырылған акцияларының жалпы санының 75% тиесілі, 25% «Астана» халықаралық биржасында және Лондон қор биржасында еркін айналымда.

«ҮМЗ» АҚ баспасөз қызметі