Күзетте 70 жыл

17 шілдеде Өрт сөндіру және авариялық-құтқару бөліміне (101-ПАСЧ) 70 жыл толады.

Дәл осы күні 1951 жылы Кеңес Одағы Үкіметінің шешімі бойынша бірінші санаттағы жеке әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімі (ОВПК-315) құрылды. Штатта – 112 адам. Үш өрт сөндіру көлігі бар. Басты міндеті – 2А құпия объектісін (Қазіргі Үлбі металлургиялық зауыты) өрттен және басқа да авариялық жағдайлардан қорғау.

Жеті онжылдықта бөлік бірнеше рет атауын өзгертті. Бүгінде бұл ҚР өрт қауіпсіздігі саласындағы жұмыстар мен қызметтер нарығындағы кәсіби оператор «Өрт сөндіруші» АҚ құрамындағы ПАСЧ-101.

1956 жыл – ВПЧ-321 (саны – 66 адам, техника – бір автоцистерна, бір автонасос).

1960 жыл – СВПЧ – 8 (штат – 76 адам, техника – екі өрт сөндіру машинасы, жедел және жүк автокөлігі).

1962 жыл – екі өрт сөндіру бөлімі бар ВПО отряды.

1964 жыл – ОПО-18.

1967 жыл – ОПО-40. Бөлім штаты сегіз адамды құрайды, ВПЧ-1 (ҮМЗ күзету бойынша) – 62 адам, ВПЧ-2 (ИУС объектілерін қорғау бойынша) – 38 адам. Осы екі объектіден басқа ОПО-40 Семей ядролық полигонына да қызмет көрсетті.

1992 жыл – ВПЧ-150.

1996 жыл – ПЧ-8.

Өрт сөндіру бөлімі Өскемен қаласының мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен тығыз байланыста. Бөлімшенің жеке құрамы облыс орталығындағы өртті сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын орындауға бірнеше рет қатысты. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін бөлімнің 20 қызметкері «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. ОПО-40 екі қызметкері Виктор Наумов пен Евгений Осипов «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталды.

Мерейтой қарсаңында біз 101-ПАСЧ бастығы Сергей Рябковпен кездестік.

– Сергей Андреевич, зауытта өрт қауіпсіздігі жүйесі қалай қалыптасты?

– 2001 жылдан бастап «ҮМЗ» АҚ-да өрт қауіпсіздігі жүйесін жетілдіру басталды. Үлкен жұмыс көлемі орындалды, өйткені өрт қауіпсіздігін ғана емес, жалпы технологиялық процестерді де талдау қажет болды. Заманауи стандарттар мен нұсқаулықтар әзірленді.

ҮМЗ басшылығы біздің барлық бастамаларымызды қолдады және әлі күнге дейін қолдап келеді. Біз зауыттың арқасында бармыз! Өрт сөндіру депосының ғимараты (1976 жылы өрт сөндіру бөлімі үшін арнайы салынған), жарақтандыру, өрт сөндіру техникасы, арнайы жабдық, кеңсе жиһазы – осының барлығы Үлбі металлургиялық зауытына жатады.

– Сергей Андреевич, бүгінгі таңда өрт сөндіру бөлімінің саны қандай? Сіздің қызметіңіз қандай?

– Біздің бөлімшедегі қызметкерлер саны – 60 адам. Олардың сегізі – нұсқаушы құрам, қалғандары қарауылдық қызметпен, жауынгерлік дайындықпен және тікелей өрт сөндірумен айналысады. Жігіттердің орташа жасы – 28-30 жас. Кадрлардың ауысуы іс жүзінде жоқ, мұнда әркім өз орнында.

Бізде қарауылдық қызмет төрт ауысыммен атқарылады. Күн сайын таңертең нұсқаушылар ҮМЗ-нің әртүрлі учаскелеріндегі өрт қауіпсіздігінің жай-күйін бақылайды. Сондай-ақ өртке қарсы режимнің сақталуына және отпен жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіз жүргізілуіне бақылауды жүзеге асырамыз. Кешкі және түнгі уақытта өрт сөндіру автомобильдерінде күзет жүргізіледі.

Барлық аварияға қарсы жаттығуларға шығамыз, шартты өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық сабақтар өткіземіз. Зауытта жылына кемінде бір рет өртке қарсы қызметтің Өскемен гарнизонының күштері мен құралдарын тарта отырып, өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізіледі. №3477 әскери бөлімімен бірлесіп «Антитеррор» оқу-жаттығуын өткізуге қатысамыз. Сондай-ақ біздің қызметкерлер зауыттың жаңадан қабылданған қызметкерлері үшін нұсқаулықтар өткізеді. Осындай жан-жақты жұмыс пен алдын алу шараларының арқасында ҮМЗ-нің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз!

– Бөлімде қанша, қандай техника мен жабдықтар бар?

– Бүгінде жауынгерлік есепте бізде үш автомобиль, сумен сөндіретін және көбікпен сөндіре алатын екі автоцистерна және ұнтақпен өрт сөндіретін бір автомобиль бар. Сондай-ақ, резервтік машина бар. Бөлім тыныс алуға жарамсыз ортада жұмыс істеуге арналған жабдықтармен жабдықталған, сығылған ауада тыныс алу аппараттары және баллондарды айдауға арналған компрессор бар. Яғни, қатты түтін жағдайында сарбаздар бір сағат ішінде өздігінен әрекет ете алады.

– Сергей Андреевич, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Сіз ПАСЧ-101 қай жылдан бастап басқарасыз?

– 1975 жылдан 2001 жылға дейін ШҚО өртке қарсы қызметінде қызмет атқардым. 2001 жылғы 17 сәуірде полковник атағымен отставкаға кеттім, ал 27 сәуірде өрт қауіпсіздігін қадағалау жөніндегі инженер лауазымына ҮМЗ-ға жұмысқа шықтым. 2017 жылға дейін кәсіпорында жұмыс істедім. 2008 жылдың қаңтарында ҚР ТЖ министрі Владимир Божко мен ҮМЗ Бас директоры Нұрлан Мусиннің шешімімен өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалдым. Сондықтан мен зауытты егжей-тегжейіне дейін білемін.

101-ПАСЧ жеке құрамын мерейтойымен құттықтаймыз. Жұмыста табыс, жеке өмірде бақыт және игіліктер тілейміз!

Айтулы күнге орай Қазақстан Теңге сарайымен «ҮМЗ өрт сөндіру бөлімінің құрылғанына 70 жыл» мерейтойлық медальдар дайындады. 16 шілдеде 101-ПАСЧ акт залында салтанатты іс-шара өткізіліп, еңбек сіңірген ардагерлерге, құрметті қонақтарға, соның ішінде зауыт өкілдері мен өрт сөндіру бөлімшесінің жеке құрамына өрт сөндіру бөлімінің басшылығымен медальдар табыс етілді.

Самал Искакова