Атом энергетикасының болашағы: жас инженердің көзқарасы
Қазақстанда атом өнеркәсібі қызметкерлерінің күні жыл сайын 28 қыркүйекте атап өтіледі. Мақаланың кейіпкері – «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС 5-разрядты жбэл-дің аппаратшысы Ермұқан Рахметов.
Ермұқан кәсіпорында екінші жыл жұмыс істейді, ол «Металлургия» мамандығы бойынша бакалавриатты және магистратураны бітірген.
Ермұқан Рахметовтың жұмыс күні параметрлерді салыстыру және технологиялық процесті іске қосу, циклдің нормалары мен дәлдігін сақтаудан басталады. Жбэл өндіру процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Қабықша мен төменгі шеткі бітеуішті дәнекерлеу, дәнекерленген жіктің биіктігі мен енін өлшеу, таблеткаларды жүктеу, теңгерісті кеңістіктің ұзындығын өлшеу, серіппені орнату, гелиймен толтыру, жоғарғы шеткі бітеуішті дәнекерлеу, дәнекерленген жіктің биіктігі мен енін өлшеу. Содан кейін ұзындығы мен салмағын өлшеу, қымтаулылығын тексеру. Осыдан кейін жоғары дәлдіктегі жабдықта – гамма-сканерде – жбэл-дің ішкі сипаттамалары өлшенеді. Әрі қарай көзбен бақылау жүргізіліп, дәнекерленген жік сынақтан өткізіледі. Процестің әр кезеңінде -бақылауды аппаратшы жүзеге асырады.
– Жбэл – ядролық реактордың жүрегі. Не себепті дәл Сіздің жұмысыңыз бүкіл атом электр станциясының қауіпсіздігі мен тиімділігі үшін маңызды болып табылатынын айтыңызшы?
– Себебі реактордың тұрақты және қауіпсіз жұмысы жбэл-дің құрастыру сапасына байланысты. Біздің міндетіміз – барлық технологиялық процестердің мінсіз орындалуын қамтамасыз ету. Жауапкершілік жоғары, сондықтан іске ұқыптылықпен және жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
– Атом саласы қызметкерлерінің күні Сіз үшін нені білдіреді?
– Бұл өз мамандығымыз бен әріптестерімізді мақтан тұтатын күн. Сен үлкен әрі маңызды саланың бір бөлігі екенін сезіну – үлкен қуаныш.
– Қазақстандағы атом энергетикасының болашағын қалай көресіз?
– Біздің әлеуетіміз зор. Атом энергетикасы ел үшін таза энергияның сенімді көзі бола алады. Менің ойымша, бұл бағыттың дамуы сөзсіз.