Миссия орындалды
Қыркүйек айының басында ҮМЗ-де Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің жан-жақты шолу миссиясы өтті. Іс-шараның мақсаты – АЭХА қауіпсіздік нормалары мен басшылық құжаттарының сәйкестігіне ТБУ банкінің пайдалану және физикалық қауіпсіздігіне кешенді талдау жүргізу.
Миссия АЭХА-ның «Пайдалану барысында отын циклы қондырғыларының қауіпсіздігін бағалау» әдістемесіне сәйкес жүргізілді. Миссияға дайындық шеңберінде бес онлайн-кеңес өтті, сондай-ақ ҮМЗ мамандары қауіпсіздік аспектілері бойынша, оның ішінде физикалық қауіпсіздік бойынша өзін-өзі бағалау жүргізді. Миссия тобының құрамына АЭХА-ның үш қызметкері және үш халықаралық сарапшы кірді. Миссия жұмысына Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің басшылары, ҮМЗ және Ұлттық ұлан өкілдері қатысты. Жұмыс барысында ТБУ банкінің қауіпсіздігі мен пайдаланылуына қатысты құжаттар зерделенді, ТБУ банкін аралап шығып, талқылау жүргізілді және есеп дайындалды. Жұмыс қорытындысы бойынша ҮМЗ-де адамдар мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін барлық қажетті қауіпсіздік шаралары, оның ішінде физикалық қауіпсіздік шаралары іске асырылды деген қорытынды жасалды. Бұл ретте қауіпсіздік жүйелерінің деңгейін одан әрі жетілдіру және арттыру үшін бірқатар ұсынымдар мен ұсыныстар берілді.
– Миссия өте сәтті өтті, біз ТБУ банкінің қалай жұмыс істейтініне ризамыз, – деп атап өтті қорытынды кеңесте АЭХА миссиясын өткізу жөніндегі топ жетекшісі Л.Валивети мырза.
Сондай-ақ, миссияға дайындық пен оны өткізудің жоғары деңгейі туралы 17 қыркүйекте ҚР Атом энергиясы агенттігі басшылығының қатысуымен АЭХА ТБУ банкі бойынша біріккен үйлестіру комитетінің кезекті отырысы барысында атап өтілді.