Үлбі металлургиялық зауыты
акционерлік қоғамы

Ұлы дала жанының әуені

09.07.2025

Ұлттық домбыра күні – шілденің бірінші жексенбісінде атап өтілетін әрбір қазақстандық үшін ерекше мереке. Зауыт жұмысшыларының арасында да ұлттық аспапты құрметтейтіндер бар.

Бериллий өндірісінің аппаратшысы Алмас Кенбаев:

– Жасөспірім шағымда қазақ ұлттық аспаптар ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, түрлі сахналарда домбыра шерттім. Мен елімізде Домбыра күнін атап өту дәстүрінің еңгізілгенін құптаймын. Бұл – ұлттық мәдениетімізді жаңғыртуға жасалған маңызды қадам. Өйткені халқымыз «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтпаған.

Мадина Рахматулина, негізгі құрылыс және қайта жаңғырту бөлімінің маманы:

– Біздің отбасымызда домбырада тек мен ғана ойнаймын. Бұл менің жеке әуесқойлығым және ұлттық мәдениетпен байланысты сақтау жолым. Әсіресе, қазақ даласының рухы мен халқымыздың тарихын жеткізетін классикалық күйлерді орындағанды ұнатамын. Анда-санда жанұяма домбырада ойнап беремін. Бұл икемділікті сақтауға көмектеседі және жақындарыңызды қуантады.

Ұлттық домбыра күні – бұл музыкалық аспаптың құрметіне арналған мереке ғана емес, бұл халық жанының, оның тарихы мен мәдени ерекшелігінің мерекесі. Қазақстандықтарды шабыттандырып, біріктіре отырып, әр үйде домбыра әуені шырқала берсін.