ҮМЗ: жаңа мүмкіндіктер
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кең ауқымды облыстық «Шығыс маманы» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шара 100-ден астам жұмыс берушілердің кездесу алаңына айналды, олар жұмыс іздеушілерге 1000-ға жуық бос орын ұсынды. Жәрмеңкеге ШҚО негізгі жұмыс берушілерінің бірі – Үлбі металлургиялық зауыты белсенді қатысты.
ҮМЗ стенді жәрмеңкеге келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Персонал жөніндегі директор қызметінің және жастар бірлестігінің өкілдері жәрмеңкеге келушілерге өзекті бос жұмыс орындары, тұрақты компанияда жұмыс істеудің артықшылықтары, сондай-ақ мансаптық өсу келешегі мен кәсіби даму мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай – ақ, студенттерге ҮМЗ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК құрамына кіретіндігі және зауытқа жұмысқа орналасу бас компанияның платформасы арқылы жүзеге асырылатындығы және мұнда барлық рәсімдер – тіркеуден бастап жұмыс туралы ұсынысқа дейін – ашық түрде өтетіні хабарланды.
ҮМЗ-нің «Шығыс маманы» бос орындар жәрмеңкесіне қатысуы білікті мамандарды тартуға бағытталған кәсіпорынның кадрлық саясатын іске асырудағы тағы бір қадам болды.