• Атом энергетикасы, электронды және металлургиялық өнеркәсіп және басқа да қызмет облыстарының қажеттіліктеріне арналған уран, бериллий, тантал мен ниобий өнімдерін өндіруші. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының құрамына кіреді. Болашаққа бізден бірге!
  • «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ Уран өндірісі – бұл атом электрстанцияларына арналған уран отынын өндіретін әлемдегі бірегей және ірі кешендердің бірі, ядролық саладағы жұмыс тәжірибесі де мол болып табылады. Болашаққа бізден бірге!
  • «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ бериллий өндірісі әлемдегі кен концентратын қайта өңдеуден сапалық параметрге бағыттап, дайын өнім түріне дейін шығаратын толық өндірістік циклі бар үш кәсіпорынның бірі. Болашаққа бізден бірге!
  • "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ тантал өндірісі ТМД аумағында жеке және әлемде тантал қосылған шикізатты қайта өңдеуден дайын өнім алуға дейін толық өндірістік циклі бар аса ірі кәсіпорындардың қатарына жатады. Болашаққа бізден бірге!

Өскеменде төмен байытылған уран банкі ашылды

29 тамызда Өскемен қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) Төмен байытылған уран банкінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Үлбі металлургиялық зауыты аумағында орналасқан ядролық отын банкі Ел Үкіметі мен АЭХА арасындағы келісім аясында салынып шыққан.

Бұл банкте ядролық энергетикалық реакторлардың әлемдегі кең таралған түрі – стандартты жеңілсулы реакторға арналған отынды дайындауға жарамды жалпы салмағы 90 тоннаға дейін төмен байытылған уран қоры сақталмақ. 

Аталмыш банкті құрудағы мақсат – уранды байыту технологиясын иеленбеген АЭХА-ға мүше жекелеген мемлекетте ядролық отынды өндіру үшін шикізаттың бірқатар кепілді қорын жинау. Шикізатты жеткізуде іркілістер туындаған жағдайда тұтынушы мемлекеттер банкте сақталған материалды қолдана алады. Барлық шикізат – АЭХА-ның меншігі және тек Агенттіктің отын таблеткалары шығарылатын нақты кәсіпорынмен келісуі арқылы сатылады. Бір сөзбен айтсақ, осы банкті құру келешекте ядролық қарудың таралу қаупін едәуір азайтады.

Жоба қалай жүзеге асты?

 АЭХА қарамағындағы ядролық отынның халықаралық банкін құру туралы алғашқы бастаманы 2006 жылы «Ядролық қауіп-қатерді азайту жөніндегі бастама» қоры көтерді. 

2009 жылдың 6 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан өз аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру мүмкіндігін қарастыра алатынын айтты. 2011 жылдың 31 мамырында АЭХА осындай банк орналасатын мемлекетке қойылатын талаптарды бекітіп, АЭХА-ға мүше мемлекеттерге жолдайды. 2011 жылдың 29 шілдесінде Қазақстан өз аумағында банк орналастыруға ресми өтінім тапсырады. Қарастыруға екі алаң ұсынылған. Біріншісі – «ҮМЗ» АҚ аумағы, екіншісі – бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағы. Қазақстан ұсынған қос алаңды 2011 жылдың 29 тамызы мен 2 қыркүйегі арасында АЭХА саралап, «ҮМЗ» алаңын таңдайды.

2015 жылдың 27 тамызында Астанада Ел Үкіметі мен АЭХА арасында Өскеменде ядролық отын банкін құру туралы түпкілікті келісімге қол қойылды. Оған дейін келіссөздердің 25 раунды өткізілген болатын.

ҮМЗ алаңы АЭХА талаптарына толық жауап беретін ең қолайлы алаң ретінде таңдалды. Себебі, кәсіпорында тиісті инфрақұрылым мен уран гексафторидін сақтауда және жұмыс жасауда мол тәжірибесі бар білікті мамандар бар, физикалық қорғаудың сенімді жүйесі, тасымалдау ыңғайлылығы да әсер етті. Оның үстіне, зауытта 20 жылдан астам АЭХА кепілдеме режимі әрекет етеді.

– Бұл бірегей банк, өйткені мұнда сақталатын материал Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке тиесілі. Мұндай банк әлемнің басқа ешбір жерінде жоқ, – деп мәлімдеді «ҮМЗ» АҚ сату бойынша директоры Александр Ходанов.

Уран гексафторидін бейбіт ядролық технологияларды дамытуды көздеп отырған, алайда тиісті технологияларға ие емес елдер ала алады. Банкті құрудағы басты мақсат та сол – мемлекеттерді байыту технологиясын дамыту жолында уақыт пен ақша кетірмеуге көндіру, себебі аталмыш технологиялар әскери пиғылда қолданылуы да ықтимал.

Тілшілерге әзірше қойманың бос тұратыны айтылды. Жыл соңына дейін АЭХА ядролық отын сатып алу туралы құжаттарды әзірлейді. Тек келер жылы ғана төмен байытылған уранның алғашқы партиялары осында жеткізілмек.

Банк қайда орналасқан және онда не сақталады?

 «ҮМЗ» АҚ алаңында орналасқан банк шамамен 900 шаршы метр аумақты алып жатыр, ол – АЭХА-ның сейсмика және физикалық жағынан қорғау бойынша талаптарына сай жеңіл жиналатын қойма.

Мамандардың айтуынша, бұл ғимарат 8 балдық зілзалаға төтеп бере алады. Ол температуралық және радиологиялық датчиктермен жабдықталған. Уранның гексафториді қалыңдығы 12 милиметр өте төзімді болат цилиндрларда сақталатын болады. Сақталатын отынның жалпы мөлшері 90 тоннаны құрамақ.

Ғимарат АЭХА талаптарын ескере отырып салынды. Банкті тұрғызуға 700 миллион теңге жұмсалыпты, қаржының жартысынан көбін Атом энергиясы жөніндегі агенттік төлеген.

Банк Қазақстанның және АЭХА-ның қауіпсіздік талаптарына сәйкес әрекет етеді.

– Біздің қойма өрт қауіпсіздігі және радиологиялық өлшеу аспаптарымен жарақталған. Уран гексафторидімен біз бұрыннан жұмыс істейміз. Тәжірибеміз мол. Елу жыл ішінде аталмыш зат салынған баллондарға қатысты бірде-бір оқыс оқиға болған емес, – деп түсіндірді «ҮМЗ» АҚ өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі директоры Сергей Сидоров.

Банкте гексафторид түріндегі төмен байытылған уран сақталады. Оның ең көп көлемі 60 дана цилиндрді құрайды. 1 цилиндрде 1,5 тонна уран гексофториді сақталады десек, ең көп мөлшері 90 тоннадан артпайды. Бұл көлем қуаты 1 мың МВт реакторды бір рет толық жарақтауға жеткілікті.

Үлбі металлургиялық зауыты 40 жылдан астам уран гексафторидімен жұмыс жасауда оң тәжірибе жинақтаған. Атом энергетикасының қажеттілігін қанағаттандыру үшін 1973 жылы керамикалық сортты төмен байытылған уран диоксидінің ұнтақтарын дайындау бойынша өндіріс ұйымдастырылған. Ұнтақтың бірінші көлемі 150 тоннаны құрады. 1986 жылға қарай зауытта жыл сайын 600 тоннаға дейін ұнтақ және 1000 тонна отын таблеткалары шығарылды. ҮМЗ қазіргі кезде де тұтынушыларға отын таблеткаларын шығара отырып гексафторидпен жұмыс жасайды.

Вставка:

Уран гексафториді – ядролық отынды дайындауға арналған бастапқы шикізат. Уран гексафторидінен тікелей уран диоксиді ұнтағын алады, ұнтақтан отын таблеткаларын дайындайды. Ары қарай таблеткаларды атом электр станциясы реакторына енгізеді. 

«Дидар» № 101 от 31.08.2017 г.

Ержан Әбіш