Үтік істерінің шебері

Өскемендегі қарапайым жеке үй... бірақ дәл ортасында ірі өлшемді... үтік тұр! «МАШЗАВОД» ЖШС ерекше коллекционер – токарі Александр Козловпен таныстық осылай басталды.

– Александр Николаевич, нағыз үтік пе әлде муляж ба?

– Нағыз. Тек бұл үтік емес. Бұл мангал. Жас кезімде жасағам.

– Сіз сол кездің өзінде коллеция жинаумен айналыстыңыз ба?

– Үнемі үтікке деген құштарлық болды. Бірақ мен 15 жыл бұрын туыстарымның үйінен ескі үтік үлгісін тапқан кезде ол толығымен менің хоббиіме айналды. Үтік аулада иесіз жатыр екен. Сол кезде менің ішк дүнием коллекция жинауды қалайтынын байқадым. Сөйтіп жинай бастадым!

– Қазір сізде қанша үтік бар?

– Екі жүзден астам.

– Коллекцияңызды қалай толтырасыз?

– Өзім сатып алып келем. Таныстарым, туыстарым бір жерден қызық үтік көрсе, қоңырау шалып, қажет пе, жоқ па деп сұрайды. Бірде Барнаулдан автобус салонында спорттық сөмкеге жеті үтік салып алып келдім. Кеденде тексерген кезде шашым ағарып кете жаздады. Бірақ бәрі ойдағыдай болды. Сөйтіп менің коллекциямда салмағы алты кило болатын ең үлкен үтік пайда болды. Менің бір танысымның жолы болмады. Маған үтік алып келе жатқан танысымды шекарада тоқтап, барлық мән-жайды анықтағанша тосып төрт сағат бойы күн ыстықта ыстыққа қақталған екен. Тіпті мәдениет бөліміне сұраныс жіберіпті! Үтік Рязань облысының Касимов қаласындағы зауытта шығарылатын ең көп таралған үтіктердің бірі болып шықты, менде ондай үтіктер көп.

– Жақындарыңыз сіздің әуестігіңізге қалай қарайды?

– Түсіністікпен! Жер үйде тұрғанның пайдасы – коллекцияны сақтайтын орын жеткілікті.

10 ақпан үтіктің туған күні болып саналады. Ол туралы алғашқы жазба Михаил Романовтың әйелі Евдокия патшайымның жазбалар кітабынан табылған. Жазба 1636 жылы жазылған екен: «Генварьдің 31 күні ұсташы Ивашка Трофимовке 5 алтын берілді, ал ол сол ақшаға патшайымға темір үтік жасап берді»

– Үтіктерді жиі сатып аласыз ба? Сіз төлеген ең қымбат үтік бағасы қанша болды?

– Болып тұрады... Бір үтікті 25 мың теңгеге алдым. Бұл 15 жыл бұрын болды, ол кезде көп ақша еді. Маған өзі хабарласқан бір сатушыдан француздардың шойын үтігін сатып алдым. Бағасына келісе алмай жарты жыл бойы саудаластық. Жалпы, менде Голландия, Канада, Франция, Германия, Болгария, Ресейден әкелінген үтіктер бар. Вольта зауытының (Эстония КСР) үтіктері көп, Жергілікті – Киров (Алматы) заутының да үтіктері бар.

– Сіз үтіктер тарихын жақсы білетін шығарсыз?

– Әрине, бұл білімсіз коллекция жинау мүмкін емес. Үтіктердің жеті түрі кең таралған – спирттік, табанды (қыздырылатын), үрмелі (көмір), керосин, газ, бу және электр. Соңғылары бәрімізге таныс, ал қалғандары өте қызық. Мысалы, спирттік үтік керосин шамының принципімен жасалған: ішіне спирт құйып үтіктің табанын қыздырады. Қыздыру үтігінің табаны пеште бөлек қыздырылды, содан кейін алынып, қуыс корпустың ішіне салынады. Мұндай үтіктің табаны мыс немесе темірден жасалған. Жұмыс істеу принципі бойынша оған жанғыш көмір салынады, үрмелі үтік те ұқсас. Керосин үтігінің мәні қарапайым. Отын багы мен қыздырғышы бар: отын жағылады – үтік қызады. Газ құрылғылары жанып жатқан газдан ысиды, ал бу үтіктер шәйнек тәрізді, оларға су құйылды.

– Сіздің коллекцияңыздың барлық үтіктері жұмыс істеп тұр ма?

– Бәрі іске жарамды. Көбін өзім қалпына келтірдім. Кейбіреулерінің табаны болмаса, енді біреулерінің тұтқасы болмады: саптарын, жапсырмаларын ауыстырып тұлғасын қалпына келтірдім. Мен токарьмын-металлмен де, ағашпен де жақсы жұмыс істей аламын.

Жалғыз үтік мұражайы – Переславль-Залесский қаласындағы кәсіпкер Андрей Воробьевтің жеке мұражайы. Мұражайда жылына бірнеше рет үтік мерекесі өтеді, онда кез-келген келуші үтіктерді іс жүзінде сынап көре алады. Айтпақшы, бұл коллекцияда біздің кейіпкеріміз сияқты 200-ден астам үтік бар.

– Айтпақшы, жұмыс туралы. Сіз МАШЗАВОДТА қашаннан бері жұмыс істеп келесіз?

– 1987 жылдан бастап. Бұл менің алғашқы және соңғы жұмыс орным деп үміттенемін. 34 жыл болыпты! Мен өз жұмысымды да, хоббиімді де жақсы көремін!

– Шығыс Қазақстанда үтік жинаушылар бар ма?

– Мен біреумен таныс едім. Бірақ ол тез жалығып кетті. Өйткені, бұл шыдамдылықты қажет етеді. Мен өзімнің 200 үтігімді жиырма жыл бойы жинап келемін!

– Ал көрме ұйымдастыру ше? Сізде ондай идея болды ма?

– Бірнеше рет ұсынды, бірақ мен қаламаймын. Мен тәжірибеден білемін, көрме басталғанға дейін үтіктерді өте жақсы жағдайда алып кетеді, оларға мұқият қарауға уәде береді, бірақ іс-шара аяқталысымен өзің алып кет дейді. Содан кейін кейбір даналарды жөндеу және қалпына келтіру қажет болады... сондықтан менің коллекциям үйде бүтін және қауіпсіз сақталып тұра берсін деймін. Және мен оларды көрсетуден ешқашан бас тартқан емеспін!

Мақала «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының SK NEWS Корпоративтік газетінде (30.07.2021 ж. №13-14 (171-172) жарияланған)