Үздік рационализаторлар

Ал сіз зауыттың үздік рационализаторлары уран өндірісінде еңбек ететінін білдіңіз бе?!

Осылайша, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2020 жылғы конкурс нәтижесі бойынша «В» цехының шебер-механигі Александр Шушаников II дәрежелі дипломмен және «Үздік рационализатор» номинациясын жеңгені үшін 300 000 теңге сыйақымен марапатталды. «Р» цехының таблетка өндіру бөлімшесінің технологы Антон Долганов «Үздік жас рационализатор» номинациясында да осындай марапатқа ие болды.

Александр Шушаников Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ «Автомобиль және трактор жасау» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-механик біліктілігін алып шықты. 2015 жылдың наурыз айында ҮМЗ-ға бесінші разрядты слесарь-жөндеуші болып жұмысқа орналасты. Бір жылдан кейін разрядты алтыншы деңгейге дейін көтерді. 2019 жылдың маусым айынан бастап шебер-механик болып жұмыс істейді.

Кәсіпорындағы адал еңбегі мен белсенді рационализаторлық қызметі үшін Александр Шушаников жеті алғыс хатпен марапатталды. Біздің кейіпкеріміз жұмыстан басқа спортпен шұғылданады, оның құмарлығы – шаңғы.

– Александр, бұл сіздің «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК тарапынан алғашқы мойындауыңыз ба?

– Иә, бұл менің осы деңгейдегі алғашқы дипломым.

– Жеңіс Сіз үшін тосын сый болды ма?

– Иә, шынымды айтсам, бұл күтпеген жағдай еді. Мен жеңімпаз бола аламын деп ойламадым, бірақ соған ұмтылдым.

– Сіздің қанша рационализаторлық ұсыныстарыңыз бар?

– Қазіргі уақытта он бір.

– Олар туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Бұл қысқа мерзімде техникалық жабдықтың жұмысқа қабілетті жай-күйін қалпына келтіру, сондай-ақ материалдық және қосалқы бөлшектерді үнемдеу, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосалқы бөлшектерді сатып алуға жұмсалатын шығындарды азайту.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Осымен тоқтап қалмаймын. Мен жаңа идеяларды жүзеге асырамын.

– Рационализатор үшін қандай жеке қасиеттерді басты деп санайсыз?

– Белсенділік, бастамашылдық, табандылық және нәтижеге қол жеткізу.

Антон Долганов Александр сияқты сол университеттің түлегі. Ол – металлургия бакалавры және техника ғылымдарының магистрі. Зауытқа 2014 жылдың қазан айында бесінші разрядты аппаратшы болып келді. 2016 жылы «Р» цехының таблетка өндіру бөлімінің ауысым шебері болып ауыстырылды. 2019 жылдың мамыр айынан бастап сол бөлімшеде технолог болып жұмыс істейді.

Антон зауытта бірқатар алғыс хаттармен марапатталды, олардың көпшілігі белсенді рационализаторлық қызметі үшін.

– Антон, бұл сіздің «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның бірінші марапаты ма?

– Меніңше, бұл алғашқы мойындау (күлімсірейді).

– Бұл диплом сіз үшін тосынсый ма?

– Иә, өте жағымды тосынсый.

– Сіздің «қоржыныңызда» қанша рационализаторлық ұсыныс бар?

– Жиырмаға жуық.

– Сіздің ұсыныстарыңыз өндіріске қалай әсер етті?

– Оң. Бір учаскелерде еңбек жағдайлары жақсарды, ал басқа учаскелерде бөлімше қызметкерлерінің еңбегін жеңілдетті.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Жұмысты рационализаторлық бағытта жалғастыратын боламын.

– Рационализатор үшін не маңызды болып табылады?

– Бәлкім, істеген ісіміз үшін жауапкершілік сезімі.

Самал Искакова