Басқарма Төрағасының Үндеуі
Қоршаған ортаға қамқорлық әрқашан зауыттың күнделікті қызметінде басты назар аударатын маңызды салалардың бірі болды және болады. Сондықтан да бүкіл әлемде Қоршаған ортаны қорғау күні аталып өтетін 5 маусым – әрбір үлбілік үшін айтулы күндердің бірі! Қазақстанда бұл мереке Эколог күні деп аталады. Бұл күн әрқайсымыздың планетамызға қамқорлық жасауға қосатын жеке үлесіміз туралы ойлану үшін керек. Өнеркәсіптік кәсіпорын үшін Эколог күні – табиғатты қорғау қызметіне қорытынды жасауға тағы бір мүмкіндік болып табылады.
Үлбі металлургиялық зауытында үнемі өндірістік экологиялық бақылау жүзеге асырылады. Бұл кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерін бағалауға мүмкіндік беретін бірқатар іс-шаралар. Оның қорытындылары ҮМЗ қызметі атмосфералық ауаның, судың және топырақтың жай-күйіне елеулі кері әсер етпейтінін көрсетеді. Мұндай нәтижелерге кешенді іс-шараларды атқару арқасында қол жеткізуге болады.
Мәселен, біздің зауытта заманауи өндірісті басқарудың экологиялық қауіпсіз жүйесі енгізілді. Бұл экологиялық және экономикалық көрсеткіштер арасындағы оңтайлы қатынасқа қол жеткізуге қызмет етеді. Мұндай жүйенің негізі – жыл сайын сертификаттаудан сәтті өтетін қоршаған орта менеджмент жүйесі (ҚОМЖ). ҮМЗ ҚОМЖ әрбір қызметкерге қала мен өңірдегі қоршаған ортаны сауықтырудың жалпы міндетін шешуге өзінің қатысу дәрежесі мен жауапкершілігін түсінуге көмектеседі.
2023 жылы кәсіпорында эмиссиялар, яғни шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі (МАЖ) іске қосылды (және қазіргі уақытта тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануда). МАЖ нақты уақыт режимінде: температура, ағын жылдамдығы, электр өткізгіштігі, лайлану және Үлбі өзеніне шығарындылардағы қышқылдық көрсеткіштері – ағынды сулардың параметрлерін бақылайды.
2024 жылдың наурыз айында «Қалдықтар» бағдарламалық кешені өнеркәсіптік пайдалануға берілді, ол өндірістік қалдықтарды есепке алу процестерін едәуір жеңілдетті, есептіліктің сапасын арттырып, оны қалыптастыруға кететін уақытты қысқартты.
ҮМЗ қызметкерлері жыл сайын экологиялық іс-шараларға белсенді қатысады. Ағымдағы жылда да сол дәстүр сақталды. Осылайша, наурыз айының соңғы сенбісінде кәсіпорын «Жер Сағаты» халықаралық акциясына қосылды. Ал сәуір және мамыр айларында қызметкерлер бес аптаға созылған «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясына қатысты. Оның аясында 6-13 сәуір аралығында Өскемендегі зауыттың өнеркәсіптік алаңында және оған іргелес аумақта «ауқымды» тазалау жұмыстары жүргізілді. Осындай акция Курчатов қаласының тау-кен байыту кешенінде (байыту фабрикасы және «Қараджал» кеніші) өткізілді. Сондай-ақ, сәуір айында зауыт жұмысшылары Владимир Петрович Потанин мен Ефим Павлович Славский ескерткіштерін және оларға іргелес аумақты абаттандырумен, Курчатов қалалық саябағындағы құрылымдарды тазалаумен және қалпына келтірумен айналысты.
Сәуір айының аяғы – мамыр айының басында үлбіліктер зауыт аумағында 100 емен, байыту фабрикасының аумағында 60 қарағай, Курчатов қалалық саябағында 100 қарағай көшетін отырғызды. ҮМЗ-де зауыттың «өкпесі» болып табылатын әрбір өсімдікке қамқорлықпен қарайды. Ол үшін аумақта тәлімбақ құрылды, онда әр ағаш «үлкен» топыраққа отырғызбас бұрын күшеюі керек. 4 мамырда жастар бірлестігінің күшімен Тарханка ауылындағы хоспис маңындағы аумақ тазартылды. Сондай-ақ мамыр айының басында Үлбі өзенінің бойындағы зауыттың айналасын тазарту бойынша үлкен сенбілік өтті. Оның нәтижесі аумақтан шығарылған 60 тонна қоқыс болды!
Зауыттық және оған іргелес аумақты абаттандырудың көпжылғы дәстүріне үлбіліктер әрқашан зор ынтамен қатысады. Мұндай акциялар қоршаған ортаға құрметпен қарайтындардың барлығын біріктіреді.
«ҮМЗ» АҚ ұжымын Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқайсымыздың туған жерімізге және табиғи ресурстарымызға қамқорлықпен қараудың жаңа – жауапты дүниетанымы қалыптасқанын тілеймін!
«ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасы
Сергей Бежецкий