ҮМЗ атом электр станцияларына арналған ядролық отын өндірісіндегі мүмкіндіктерін көрсетті
Үлбі металлургия зауытында облыстық және республикалық БАҚ журналистеріне арналған баспасөз туры өтті, оның мақсаты баспасөз өкілдерін ядролық отын өндірісінің негізгі кезеңдерімен таныстыру болды.
Іс-шара барысында журналистер «ҮМЗ» АҚ-ның уран өндірісіне барып, атом реакторларында қолданылатын жылу бөлетін құрамалар (ЖБҚ) үшін негіз болатын уран отын таблеткаларын дайындау үдерісімен танысты. Сондай-ақ журналистер «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытында болды. Мұндағы экскурсия барысында олар қазіргі уақытта ҚХР-дағы серіктестеріне жеткізілетін ЖБҚ өндірісінің негізгі кезеңдерін көзбен көрді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ядролық-отын циклі жөніндегі басқарушы директоры Әсет Махамбетов: «Қазақстан табиғи уран қоры бойынша Австралиядан кейін екінші орында тұр. Біздің еліміз осы құнды ресурсты кен орындарының шамамен 13%-на иелік етеді және 2009 жылдан бастап әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын қамтамасыз ете отырып, әлемдік нарықта көшбасшылықты сенімді түрде сақтап келеді», – деді.
Ол сондай-ақ Үлбі металлургия зауыты – тарихы бай, озық технологиялары мен жоғары білікті персоналы бар Қазақстанның атом саласындағы флагманы екенін атап көрсетті. 2021 жылдың соңында кәсіпорын аумағында жылу бөлетін құрамалар шығаратын зауыт іске қосылды. Осылайша, бізде АЭС-ке арналған дайын отынның отандық және жоғары технологиялық өндірісі қазірідң өзінде жұмыс істеп тұр.
Өз кезегінде «ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасы Сергей Бежецкий журналистерді құттықтап: «Атом станциясының құрылысы туралы мәселе оң шешілген жағдайда ҮМЗ оны өзінің ядролық отынымен қамтамасыз ете алар еді. Қазір зауыт француздық дизайндағы AFA3G жылу бөлетін құрамаларын шығарады. Егер станцияда отынның осы түрі сұранысқа ие болса, біз жай ғана өндіріс көлемін арттырар едік. Бірақ басқа формат таңдалса да, ҮМЗ отын таблеткаларын, яғни жылу бөлетін құрамаларды өндіруге арналған компоненттерді шығара алады», – деді.
Сондай-ақ ҮМЗ басшысы 4000-нан астам қызметкер еңбек ететін зауытта уранмен жұмыс істеудің 70 жылдық тәжірибесі жинақталғанын, елеулі ғылыми және өндірістік база бар екенін атап өтті. Қажет болған жағдайда кәсіпорын қызметкерлері білім мен практикалық дағдыларды атомшы мамандармен бөлісуге дайын.
Қазатомөнеркәсіп пен ҮМЗ жаһандық нарықтағы өз ұстанымдарын одан әрі нығайтуға ұмтылып, Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға бағытталған кез келген бастамаларды қолдауға дайын. Олардың білімі мен тәжірибесі жаңа қиындықтарды сәтті шешудің негізгі элементтері болып табылады.
• «Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом энергетикасы, электрондық, металлургия өнеркәсібі және басқа да қызмет салаларының қажеттіліктері үшін әлемде танымал уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндірушілердің бірі.
• «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС – «ҮМЗ» АҚ және Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясының еншілес компаниясы – China General Nuclear Power Corporation бірлескен кәсіпорны.
• «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – 2023 жылы әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінен шамамен 20%-ы мөлшерінде компанияның қатысу үлесіне барабар табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уран өндіру кезінде денсаулық сақтауды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды бақылаудың озық практикалары мен құралдарына ерекше назар аудара отырып, жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.